Алматыда Б. Момышұлының 100 жылдығы аталып өтті

АЛМАТЫ. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде «Ұлтын сүйген - ұлы адам» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Алматыда Б. Момышұлының 100 жылдығы аталып өтті

Оны Қазақстан Жазушылар одағы республикалық «Ел-шежіре» қоғамдық қоры қазақтың батыр ұлы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай бірлесе ұйымдастырды. Конференцияға зиялы қауым өкілдерімен бірге батыр-жазушының келіні Зейнеп Ахметова, бауыржантанушылар және басқа танымал тұлғалар қатысты.

Жиын барысында З. Ахметова батыр атасы жайлы естеліктер айтып, оның қалдырған үлкен ғибратының өмірлік ұстанымына айналғанын сөз етті. «Бауыржан атамның қалдырған мұрасы менің өмірімде үлкен маңызға ие. Мен үшін ол рухани азық, тәрбие академиясы болды», деді Баукеңнің келіні. Сөз арасында З. Ахметова Бауыржан университетін құру идеясын да әңгіме қылды.

Өз сөзінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мен сатирик Мыңбай Рәш және басқалар Бауыржан шығармашылығына терең тоқталды.