Алматыда Б. Момышұлының 100 жылдық мерей тойына арналған жыр мүшәйра өтті

АЛМАТЫ. 11 Желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда Оқушылар сарайының үлкен концерт залында Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерей тойына арналған «Ерлігі елге мұра» атты республикалық жыр мүшәйра болып өтті.

Алматыда  Б. Момышұлының 100 жылдық мерей тойына арналған жыр мүшәйра өтті

Оған Ақтау, Атырау, Өскемен, Қызылорда сынды облыс орталықтарынан іріктеліп, дараланған талантты оқушылар мен Алматы қаласынан жеңімпаз атанған оқушылар қатысты. Қатысушылар Батыр Бауыржанға арналған өлеңдерін оқып, эстрада жұлдыздарының орындауында патриоттық әндер шырқады.

Кешке еліміздің қоғам және мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен эстрада жұлдыздары қатысты.

Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, балалар жазушысы Сұлтан Қалиев, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлшара Естетқызы, халық ақыны Тұманбай Молдағалиев сынды тұлғалардан тұратын әділқазылар алқасы байқауға қатысушыларға қазылық жасады.

Аталмыш шараның ұйымдастырушысы Мақпал Сөкітбаеваның айтуынша, бұл шара биыл екінші рет өткізіліп отыр. «Байқаудың мақсаты - жас ұрпақтың санасына ұлттық рухты дарыту, батыр ерлігін насихаттап, жастарды елін, жерін сүюге шақыру болып табылады», -деді ол.

Мыңнан мықты, жүзден жүйрік шыққан оқушылар бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.