Алматыда бағдаршамның істен шығуынан жол апаты болып, оқушы зардап шекті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бағдаршам өшіп қалған жол қиылысында екі көлік соқтығысып, салдарынан 7-8 жастағы қыз бала зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі оқиға орнынан.
Жол-көлік апаты Бұқар жырау мен Манас көшелерінің қиылысында болды. Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, Жигули көлігі Манас көшесімен келе жатқан. Ал Субару Форестер Бұқар жырау көшесімен батысқа қарай бағыт алған. Жол қиылысында Субару басты бағытта келе жатқан Жигулиді өткізбей, көлік апатына себеп болған. Жигулидің қатты соққысынан Субару Форестер төңкеріліп, ішіндегі 7-8 жастағы оқушы қыз зардап шекті. Ол жедел жәрдем көлігімен аурханаға жеткізілді.
Полиция оқиға себебін анықтауға кірісті.