Алматыда бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмеген 8 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды
АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда 8 ата-ана балаларын тәрбиелеуге жіті көңіл бөлмегені үшін жауапкершілікке тартылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі кезде қалада «Мектепке жол» шарасы жүргізіліп жатыр.Шара жасөспірімдердің қылмысының алдын алу, балаларды күзгі оқу маусымына дайындығын бақылау мақсатында жүргізіліп жатыр.Шара аясында түнгі клубтар, компьютерлік ойын залдары, жертөлелер мен шатырлар, күдікті пәтерлер тексерілуде.Сондай-ақ жағдайы нашар отбасылар мен арнайы тізімде тұратын жасөспірімдерді тексеру, қайыршылықпен айналысып жүрген жасөспірімдерді анықтау шаралары да жүргізілуде.
«Ұзын саны 150-ге жуық жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлар білім беру ошақтарының өкілдерімен бірге қазіргі кезде түнгі көңіл көтеру орындарын тексеруде. 145 осындай орында 22 заң бұзушылық анықталды.Олардың иелері сағат 22-ден кейін жасөспірімдерді клубтарына кіргізген.Осы бағытта 47 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды», дейді ІІД-нің қоғамдық қауіпсіздік департаменті басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Айгүл Шөпшекбаева.
Оның айтуынша, өткен аптада балаларын тәрбиелеуге дұрыс көңіл бөлмеген 8 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.Жалпы шара басталғалы бері полицияға 396 жасөспірім жеткізілген.Оның 264-і әкімшілік құқық бұзушылық, 224-і қоғамдық орындарда арақ ішу сынды заңды бұзған.