Алматыда балабақша мәселесін шешу үшін ғимараттар сатып алынуда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Жетісу ауданында 160 орындық балабақшаның құрылысы басталды. Бұл туралы тұрғындармен кездесу барысында қала басшысы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда балабақша мәселесін шешу үшін ғимараттар сатып алынуда

Ерболат Досаевтың сөзінше, аталған ауданда 2 балабақшаға орын тапшылығын қысқарту мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын қысқарту мақсатында 440 орындық 2 балабақшаның құрылыс-монтаждау және жобалау жұмыстары жүргізілуде. «Айнабұлақ-4» шағынауданында 160 орындық балабақшаның құрылысы басталды. Құрылысы келесі жылдың маусым айында аяқталады»,- деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, ол маусым айында жеке меншікте болған екі қабатты әкімшілік ғимарат сатып алынғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта 280 орындық балабақшаны күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалау желтоқсанда аяқталып, құрылысы 2023 жылдың бірінші тоқсанында басталады. Бұл мектепке дейінгі мекемеге Ратушный-Қазыбаев-Серіков-Рысқұлов көшелерінде тұратын балалар бара алады», – деді қала әкімі Ерболат Досаев.