Алматыда балалар футболын дамыту мәселелері талқыланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 қаңтар күні Алматыда, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қазақстандағы балалар және жасөспірімдер футболының дамуына арналған конференция өтеді.

Алматыда балалар футболын дамыту мәселелері талқыланады

ҚР Футбол федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында балалар және жасөспірімдер футболын дамыту мәселелері, Қазақстандағы нөмірі бірінші спортты дамыту жолдары қарастырылады. Кездесудің қорытындысы бойынша негізгі мәселелердің барлығы Қазақстан Республикасында 2016-2026 жылға дейінгі футболды дамытуға арналған бағдарламаға енгізіледі.

Конференцияға Қазақстан футбол федерациясының өкілдері, Премьер-Лига мен Бірінші Лига клубтарының басшылары, жастар футболын дамыту бағдарламасының жетекшілері, футбол орталықтарының жаттықтырушылары, «Жас Қыран» балалар және жасөспірімдер лигасының қатысушылары, сонымен қатар, Алматы қаласы мен Алматы облысының балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен жеке футбол мектебінің өкілдері қатысады.