Алматыда балалар өлімі туралы жалған ақпаратты таратушы құрықталды

АЛМАТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат -  Алматы полициясы балалардың өлімі туралы жалған ақпарат таратушыны анықтап, ұстады. 

Алматыда  балалар өлімі туралы жалған ақпаратты таратушы құрықталды

Естеріңізге сала кетейік, екі күн бұрын ғаламторда 3 пен 12 жас аралығындағы 12 бала сапасыз дәрі-дәрмектерден  көз жұмды деген ақпарат таратылған болатын. Бұл ақпарат тұрғындар арасында біршама үрей туғызды. 

Өз кезегінде бұл ақпаратты Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы, сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Сот медицинасы орталығының Алматылық филиалы теріске шығарған еді. Басқарма сондай-ақ, соңғы айлардың ішінде қала стационарларында дәрі-дәрмектің кесірінен балаларда аллергиялық реакция пайда болуы туралы оқиғалардың тіркелмегені жайында хабарлаған болатын. 

Бұл істі  дереу Алматы қаласының ІІД  қолға алып, жедел тексеру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде полиция қызметкерлері жалған ақпаратты таратқан адамды ұстады. Ол Астана тұрғыны болып шықты және жауап алу барысында бұл ақпарат туралы таныстарынан естігенін, оны тексерместен ғаламторға салғандығын айтқан. 

Қазіргі уақытта оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүргізілуде.