Алматыда балалар үйінің азық-түлігіне қол сұққан ұры ұсталды
АЛМАТЫ. 7 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда балалар үйінен 68 мың теңгенің азық-түлігін жымқырып кеткен 33 жасар жігіт ұсталды,
деп мәлімдейді қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Қылмысқа ол ел ұйқыға батқан кезде барған. Ал азық-түлік ғимараттың жер төлесінде сақталған.
«Бұл балалар үйіне сырттан ұры келеді деген ой болмаған, сондықтан жертөленің ауызына құлып салынбаған. Ұры осыны тиімді пайдаланып, ғимаратқа оңай еніп, азықтарды асықпай орап алып кеткен», - дейді Жетісу аудандық ІІБ-ның бастығы полиция полковнигі Қанат Таймерденов.
Алайда ұры өз ойын іске асыра алмаған. Өйткені бұл нысан тәртіп сақшыларының қатаң бақылауында болған. Осы аумақты бақылап жүрген «Боран-103» шолғыншы экипажы бой тасаламақ болған жаяу жүргіншіні назарына алып тоқтатқан.
«Ұсталушының еш құжаты болмаған, әрі қатты қобалжып сезік тудырғандықтан, ол аудандық ішкі істер департаментіне жеткізілді. Тергеу барысында ол қолындағы сөмкедегі заттарды ұрлап алғандығын мойындады. Ал ол уақытта балалар үйінің қызметкерлері заттарының ұрланғандығынан бейхабар еді», - дейді полковник Қ. Таймерденов.