15:08, 14 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсету мақсатында қайырымдылық концерті ұйымдастырылады
АЛМАТЫ. Ақпанның 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда ақпанның 28-і күні Республика сарайында «Ізгілік» деп аталатын концерт өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оны «Әдемі-ай - PLUS» компаниясы мен «Әдемі-ай» журналы ұйымдастырып отыр. Компания директорының орынбасары Айдар Қырықбаевтың айтуынша, бұл балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылатын қайырымдылық концерті болмақ. Оған Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Бағдат Сәмединова, Толқын Забирова, Гүлнар Сиқымбаева, Бақыт Шадаева, Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер, Айгүл Қосанова, Меруерт Түсіпбаева, Ақбота Керімбекова, Ақылбек Жеменей, Аша Матай, Қайрат Нұртас сияқты тағы басқа да жеке әншілер мен «Бақай», «Ақжол» топтары және ҚазҰТУ «Қаншайым» би ұжымы қатысады. «Аталмыш шараға балалар үйінің өнерлі тәрбиеленушілері де атсалысқалы отыр. Солардың бірі №1 балалар үйінің домбырашылар ансамблі болмақ. Қайырымдылық концертінен түскен қаржыға бақылау жасау үшін ақпарат құралдарының өкілдерінен қоғамдық кеңес құрылып отыр. Олардың қадағалауымен концерттің үстінде әншілердің өздері арнайы сатып алынған киім-кешектер, ойыншықтар мен кеңсе бұйымдарын балалар үйлерінің өкілдеріне табыс етеді», - дейді Айдар Қырықбаев.
Жалпы қазіргі таңда Алматыда 7 балалар үйі бар. Бұл шарада олар қалалық балалар үйлерімен қатар Алматы облыстық №1 мүмкіндігі шектеулі балалар мекемесіне де көмек қолын созбақ. Ұйымдастырушылар бұл жобаны болашақта Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитетімен бірігіп республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.