Алматыда балаларға арналған музыкалық комедия фильмінің тұсаукесері болды
АЛМАТЫ. 15 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Мега» сауда ойын-сауық орталығындағы кинотеатрда тұңғыш рет елімізде балаларға арналып түсірілген «Әнші болғым келеді» атты музыкалық комедия фильмінің премьерасы болып өтті.
Фильм сценарийінің авторы және қоюшы режиссері - Данияр Саламат. Кинотуынды идеясының авторы және бас продюсері - Алтын Маханбетова.
Бұл фильмнің кейіпкерлері «Әнші болғым келеді» продюсерлік орталығының талантты өнерпаздары. Бас кейіпкерді 10 жасар Әйгерім Мергенбай ойнайды. Оқиға Әйгерімді футбол десе ішкен асын жерге қоятын 10 жасар Жасұланның жақсы көріп қалуы, осыған орай Әйгеріммен бірге студияға барып ән салып жүрген досы Ақжанның екеуін таныстыру бағытында жасаған күлкілі іс-әрекеттері төңірегінде өрбиді. Фильмге сонымен қатар, ҚР еңбек сіңірген артисі Лидия Кәденова, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Рахман Омаров пен Кенжебек Шайқақов, Бауыржан Ордин сияқты өзге де өнер шеберлері түскен.
«Фильм түсіру идеясы осыдан 3 жыл бұрын келген болатын, әр түрлі жағдайларға байланысты түсірілімді кейінге қалдырған болатынмын. Содан өткен жылы жазда қолға алдым. Менің идеям бойынша дарынды режиссер Данияр Саламат сценарийін жазып шықты. Фильм маусым айында 27 күнде түсірілді. Түсіру барысында ешқандай қиындықтар болған жоқ, тек сол кездегі күннің қатты ыстығы кедергі келтірді. Фильмге өзімінің 10 жылдан бері жанымда өсіп келе жатқан шәкірттерім түсті, ешқандай кастинг болған жоқ. Балалардың қабілетіне қарай өзім рөлдерді бердім. Фильм барысында 9 ән орындалады. Айта кететінім, орындалған әндердің 90 пайыздан астамының сөзін белгілі ақын Әбдірахман Асылбеков жазған»,-деді туындының идея авторы, әрі продюссері Алтын Маханбетова. Оның айтуынша фильм «Әнші болғым келеді» атты хабардың 10 жылдығына арналып, балаларға естелік ретінде қалсын деген мақсатпен түсірілген. Оның пікірінше кинотуынды жас ұрпаққа музыкалық тәрбие беретін бағыттағы фильм.
Белгілі сыншы Әшірбек Сығайдың айтуынша, музыкалық комедия фильмі балалардың бойына ән өнеріне деген әуестікті ұялатады. «Бұл буу бұрқырап тұрған жаңа дүние, әлі бойымызға сіңіріп, тартып үлгергеніміз жоқ. Дегенменде, менің ойымша, бұл фильм балалар үшін өте керек те, қажетті, осы шақтағы балалар үшін өте пайдалы дүние. Өнер әлеміне балалардың эстетикалық көзқарасын талғамын қалыптастыруға, қиялын кеңітуге, көркемдік ойлау жүйесін қалыптастыруға фильмнің өзіндік орны бар. Туындыда жас балалардың өнерге деген құлшынысы, құштарлығы жақсы көрсетілген. Мен режиссер Данияр Саламаттың әр қадамын бағалаймын, ол өте талантты жігіт. Ол әрқашан әр түрлі тақырыптарға барып, қазақ көркемөнер көкжиегін қайтсем деп жүретін жігіт. Әрине, бірінші рет болғаннан кейін артықтау, кемшін тұстары бар, мәселен басы ұзақ әннен басталмай, бірден көрерменді тартып алып кету үшін шалт басталу керек сияқты. Ал балалардың ойынына келсек, олар тәжірибелі актер емес қой ысылған, сол балаңдық, балғындық бәрі сезіліп тұр, сонысымен де фильм жақсы, табиғи, шынайы шықты деп ойлаймын. Өнерде ең бастысы шынайылық»,- деді ол.