Алматыда «Балалық шақтан саулығыңды сақтауды үйрен» ұранымен балаларға арналған мерекелік шара өтті

АЛМАТЫ. 1 маусым. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай Алматының Орталық стадионында «Балалық шақтан саулығыңды сақтауды үйрен» ұранымен балаларға арналған мерекелік шара өтті.

Алматыда «Балалық шақтан саулығыңды сақтауды үйрен» ұранымен балаларға арналған мерекелік шара өтті

Орталық стадионның директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Олег Печениктің бастамасымен өтіп жатқан шараға Алматы қаласы Бостандық ауданында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 25-ке жуық балалары қатысуда. Олар спорттық ойын түрлерінен сайыстарға түсіп, ұйымдастырушылар атынан көптеген сыйлықтарға е болды.

«Балалар күнін атап өту мен үшін дәстүрге айналды. Оларды тек құттықтап қана қоймай, бүлдіршіндерге спорттық жағынан назар аударудамын. Қалалық мәслихат депутаттарының ішіндегі спорт саласынан шыққан адам болғандықтан менің бағдарламамның барлығы осы спорт жағына бағытталған», -дейді О.Печеник.

Депутат сондай-ақ Бостандық ауданындағы 3 балабақшаны аралап, бүлдіршіндерді бүгінгі айтулы күндерімен құттықтап, балаларды тәрбиелеп жатқан осы мекемелерге біршама спорттық бұйымдарды сыйлады.