Алматыда балмұздақ мерекесінде 3000-ға жуық шар әуеге ұшырылды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда орталық мәдениет және демалыс саябағында «БалмұзDAY» балмұздақ фестивалі өтті. «Біз тұрғындар арасында осындай мерекеге деген қажеттіліктің бар екендігін анықтадық.
Өйткені, біз шынтуайтына келгенде балаларға аз көңіл бөлеміз. 1 маусымнан басқа, балаларға арналған кең ауқымды мереке жоқ десе де болады. Әрине, Алматыда бұған дейін де балмұздақ фестивальдары өткізілген. Бірақ, мынадай кең көлемді мереке бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл мерекеге кем дегенде 18 мыңдай адам қатысады деп отырмыз. Фестиваль кешке дейін жалғасады. Қазірдің өзінде адамдар көптеп келіп жатыр. Саябақтың басты сахнасында Мұрат Мұтырғанов бастаған әртістер өнер көрсетуде. Концерттік бағдарлама аяқталған соң, флеш-моб форматында әуеге 3000-дай шарды ұшырамыз. Бізге «Аяла» қоғамдық қоры қолдау көрсетті. Олар мерекені атап өтуге балалар үйінің тәрбиеленушілерін алып келді. Сондықтан, бұл жәй көңіл көтеретін шара емес, әлеуметтік маңызы бар мереке», - деді фестивальді ұйымдастырушы, ивент-маман Оксана Триханова.
Мереке барысында қаладағы балмұздақ өндіруші жетекші компаниялар балмұздақтарды арзан бағамен сатты.
Балаларды Мұрат Мұтырғанов пен кішкентай қар адамы -йети -«Балмұздақ» адамы қарсы алып жатты. Ол балаларға балмұздақты қалай дұрыс жеу керектігін үйретті. Оның көмекшілері - «ақ аю», аққала, «балпанақ» және аляскалық қыз. Олар балмұздақтың тарихы және ең дәмді балмұздақтардың қайда сатылатындығын айтады.
Сахнада Мұрат Мұтырғанов және қуыршақ театры, «Улыбка» балалар ұжымы, Funky Town би тобы өнер көрсетті.
Мереке соңында әуеге 3000-дай шар ұшырылды.

