Алматыда бас жарақатымен орта есеппен күніне 15-20 науқас ауруханаға түседі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 20 наурыз – Дүниежүзілік бас жарақаты туралы ақпараттандыру күні. Аталмыш күнге орай, бас жарақаттары туралы толығырақ Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Омаров айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бас жарақаты – мидың, бас сүйегінің немесе бас терісінің кез келген зақымдануы болып табылады. Ол жеңіл соққыдан немесе көгеруден мидың жарақатына дейін болуы мүмкін. Бас жарақаттарына мидың шайқалуы, бас сүйегінің сынуы және бас терісінің жарақаттары жатады. Басыңыздың зақымдануына не себеп болғанына және оның ауырлығына байланысты салдары мен емі әр түрлі болады»,- деді дәрігер.
Оның айтуынша, бас жарақаттары жабық немесе ашық болуы мүмкін.
«Ашық жарақат дегеніміз – бұл бастың жұмсақ тіні, ұлпаларының тұтастығының бұзылуы, сүйектің ашық сынуы және мидың қатты қабығының зақымдануы. Жабық бас-ми жарақаты – тері жамылғылары мен кілегейлі қабықтың тұтастығы бұзылмай зақымдану. Бас сүйектің зақымдануын қаншалықты ауыр екенін бағалау қиын. Бастың кейбір жеңіл жарақаттары кезінде көп қан кетеді, ал кейбір ауыр жарақаттарда мүлде қан кетпейді. Бас сүйегінің барлық жарақаттарын байыпты түрде емдеу және оларды дәрігердің бағалауы маңызды»,- деді Бауыржан Омаров.
Аурухананың қабылдау бөліміне күніне орта есеппен бас жарақатымен 15-20 науқас түседі.
«Оның 70 пайызын жедел жәрдем әкеледі. Олардың ішінде 4-6 науқас ауруханаға жатқызылады, негізінен нейрохирургия бөлімшесіне»,- деді дәрігер.
Сөз соңында Бауыржан Омаров бас жарақатына жеңіл-желпі қарамау керектігін айтты.
«Егер бас жарақаты болса, әсіресе, есін жоғалту, құсу және бас айналу сияқты белгілер болса, дереу жедел жәрдем қызметіне хабарласыңыз немесе жақын жердегі жедел жәрдем бөліміне жүгініңіз»,- деді ол.