Алматыда баскетболдан мектеп командалары арасында біріншілік басталды
АЛМАТЫ. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда баскетболдан мектеп командалары арасында кезекті маусым ашылды.
«Қазына капитал менеджмент» компаниясының қолдауымен және Қазақстан ұлттық баскетбол федерациясының ұйымдастыруымен басталған «Мектеп лигасы» біріншілігіне 30 мектептен 420 жас спортшы қатысады. Жарыс барысында 270 ойын өткізу жоспарлануда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба 2012 жылдың мамыр айының соңына дейін жалғасады. Спорттық шараның негізгі мақсаты - балалар мен жасөспірімдер арасында баскетбол спорт түрін насихаттау, жастарды тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға тарту, оқушылардың денсаулықтарын арттыру мен жас спортшылардың шеберлігін шыңдау болып табылады.
Біріншіліктің ресми ашылуына «Астана» баскетбол клубының бас директоры Валерий Тихоненко арнайы қатысты. «Мен Алматы қаласының баскетбол мектебінде оқи жүре, Кеңес Одағының құрама командасына кіріп, олимпиадалық медальға ие болдым, сондықтан үлкен жетістікке жету ол мүмкін нәрсе. Сондықтан әрқайсысың осындай арманға жете аласыңдар»,-деді В. Тихоненко. Ол сондай-ақ, ашылу салтанатында балалар спортын қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, Мектеп лигасының барлық жас спортшыларына баскетбол алаңдарында табысқа жетулерін тіледі.
«Қазына капитал менеджмент» басқармасының төрағасы Абай Алпамысов құттықтау сөзінде жаңа маусымда мектеп командалары санының көбейгенін атап өтті. «Біздің компания осымен екінші жыл Ұлттық баскетбол федерациясының мектеп жарыстарын ұйымдастыруын қолдап келеді. Осындай әлеуметтік жобаларды республиканың барлық аумақтарында жалғастыру және дамыту қажет» - деді ол.
«Өткен жылы өткізілген жарыстар бұл жобаның өзектілігін және жаттықтырушыларды (дене шынықтыру мұғалімдерін) оқытуды ұйымдастыру қажеттігін көрсетті. Біз, жергілікті және шетелдік мамандарды тарта отырып, мектеп жаттықтырушылары мен командаларына арналған 10-нан аса семинарларды өткізуді жоспарлап отырмыз» -деді «Мектеп лигасы» жобасының ұйымдастырушы Жомарт Әсенқанов.