Алматыда баспанасыз жүрген 18 адам есепке алынды
АЛМАТЫ. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматы қалалық ІІД Медеу ауданындағы Бәрібаев пен Жібек жолы көшелері қиылысындағы қираған ескі моншаны паналап жүрген 18 адамды есепке алды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олардың басым бөлігі балалар үйінің тәрбиесінен шыққандар болып отыр. Баспанасы жоқтардың бір бөлігі өздері қолдан жасаған шатырды паналаса, енді біреулері қираған моншаның ішіне орналасып алған.
«Бұндай қираған нысандардың ішінде тұру адамдарға үлкен қауіп туғызатыны белгілі. Себебі, кез келген уақытта үйіндінің астында қалуы мүмкін. Сонымен бірге, олардың қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып жатқандығы анықталып отыр. Осы жерге жақын орналасқан тұрғындардың айтуынша, бұл баспанасыз жүргендер күні-түні шулап, маза бермейтін көрінеді. Оның үстіне, спирттік ішімдіктер ішіп, айналаның бәрін қоқысқа толтырып жіберген. Аумақтық инспекторлар бұл жерге бірнеше рет келіп, сол азаматтардың құжаттарын тексерді. Олардың барлығында дерлік осы қалада тіркеуде тұртындығын растайтын қжаттары бар болып шықты. Дегенмен, олардың жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ», дейді Медеу аудандық ІІД-нің бастығы подполковник Бақыт Қасабеков.
Баспанасыздар полиция бөлімшесіне жеткізіліп, профилактикалық есепке қойылды. Қазір олардың қылмыстық істер жасағаны және бұрын да есепке тіркелген-тіркелмегендігі тексерілуде. Сонымен қатар, құқық қорғаушылар «Тәртіп сақтау» шарасы аясында шырқы бұзылған отбасыларды да қадағалауға алғандарын мәлімдеді.