Алматыда бастауыш сыныптың барлық оқушысы тегін тамақтанады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылында Алматыда бірінші сыныпқа 31 мыңнан астам бала барды. Қала мектептерінде барлығы 317 мың оқушы білім алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік мектептердің 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен жыл соңына дейін 5,3 млрд теңге бөлінді», - деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Сонымен қатар, оқулықтар мен көркем әдебиет сатып алуға жергілікті бюджеттен 3 млрд 263 млн 457 мың теңге бөлінді.

«Биыл 2-сынып оқушылары жаңа оқулықтар алады. 1-11 сынып оқушылары да тегін оқулықтарпен толық қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті әкімдіктен.

Сондай-ақ, мегаполисте үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Осы оқу жылынан бастап Алматыдағы мектептер толықтай бір немесе екі ауысыммен білім беруге көшеді. «Мәдениет» шағын ауданында 1 500 орындық мектептің ашылуы қаладағы жалғыз үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

№191, №146, №125 мектептерге жапсаржай салу арқылы оқушылар саны 875 орынға көбейді. Жыл соңына дейін 5 мемлекеттік және 2 жекеменшік мектепті пайдалануға беру, сонымен қатар қазіргі қолданыстағы оқу орындарына үш қосымша жапсаржайдың құрылысын аяқтау жоспарға енген.

Бұған дейін Алматыда 8 жаңа мектеп ашылғаны туралы жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар