Алматыда батуттағы гимнастикадан Қазақстан чемпионаты басталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда батуттағы гимнастикадан жасөспірімдер мен жастар арасында ҚР чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыс «№9 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» базасында өтуде. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Шымкент, Петропавл, Өскемен, Тараз, Орал, Қарағанды қалаларынан 205 спортшы қатысады.
«Бүгін жарыстың мықтылары іріктелді. Ертең сағат 09:00-де финал басталады. Жарыс алдында спортшылардың барлығы ПЦР тест тапсырған. Чемпионат көрерменсіз, карантин талаптарына сай өткізілуде»,-деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Спорттық дода үш күнге созылып, 18 наурызда аяқталады. Жеңімпаздар арнайы грамота, медальдармен марапатталады.




