Алматыда Баум тоғайынан қару жасырылған орын табылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Баум тоғайынан қару жасырылған орын табылды. Жасырын орын туралы жедел ақпарат қоныс колониясы қызметкерлеріне келіп түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Баум тоғайынан қару жасырылған орын табылды

«Біздің мекеменің жедел бөлімінің қызметкерлері Алматы қалалық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасындағы әріптестерімен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Шара барысында Баум тоғайынан, Успенский көшесінен 200 метр қашықтықта, оңтүстік бағытта, ағаш жанынан түрлі оқ-дәрілер сақталған орын табылды. Аталған дерек Түрксіб аудандық полиция басқармасында тіркелді. Тергеу жүріп жатыр», – деді Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/13 мекемесі басшысының орынбасары Шәкір Юнусов.

Белгілі болғандай, жасырын жерде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан бүлікшілер екі мылтық, револьвер, пышақ, Калашников автоматының патрондарын, Макаров тапаншасын, гранаталарды, оқ өтпейтін жилет пен полицияның жейдесін жасырған. Табылған заттардың кімге шынайы тиесілі екені қосымша тергеу барысында анықталатын болады.