Алматыда байланыс операторларының халықаралық конференциясы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда байланыс операторларының ІІІ «Carrier Meerting» халықаралық конференциясы өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақтелеком» АҚ-ы ұйымдастырған дәстүрлі бұл шара қарашаның 4-і күні басталған болатын. Үш күндік бұл конференция кезінде таяу және алыс шет елдерден келген байланыс операторлары транзиттік мүмкіндіктермен және жаңа сервиске енгізілген IP MPLS желісінің жаңа сәулеті мен Гонконг қаласындағы PoPе торабының ашылуымен танысады.
«Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, ел аумағы арқылы өтетін транзиттің көлемі биыл өткен жылмен салыстырғанда 9 есе өскен. Транзит мүмкіндіктерін жүзеге асыру жобасы бойынша олар Қордай учаскесінде ЭЛКАТ (Қырғызстан), Орал-Б.Черниговка учаскесінде «СЦС Совинтел», «Ситерра» (Ресей) компанияларымен түйісу ұйымдастырды. Сондай-ақ Бейнеу-Қоңырат бөлігінде «Өзбектелеком» АҚ-ы желісімен жаңа түйісуді және «Ростелеком» ААҚ желісімен түйісудің біреуін кеңейтуді ұйымдастыру жөніндегі жұмысты бастады. Жалпы, қазіргі таңда «Қазақтелеком» АҚ-ы әлемнің 40-тан астам байланыс операторымен қарым-қатынас жасайды.