Алматыда байланыс желісі үзілген 50 троллейбус тоқтап қалды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 50 троллейбустың қозғалысы байланыс желісінің үзілуі салдарынан тоқтап қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі "Green bus" ЖШС директоры Бауыржан Кулишевке сілтеме жасап.
Оның сөзінше, қоғамдық көліктегі ақау Абай даңғылының Байтұрсынов көшесімен қиылысында орын алған. Алғашқыда 20, кейіннен 30 троллейбус істен шыққан. «Көктайғақтың салдарынан троллейбус қозғалыстары ырғақты болған жоқ, ал олардың жұмысы электрге тікелей байланысты екені белгілі. Жұқа мұз қабыршақтары құрсаулаған байланыс желілері тұйықталып, істен шыққан», - дейді ол.
Ол ақаудың жойылып, 16:43-те троллейбустардың өз жұмыстарын жалғастырғанын хабарлады.
Бұдан бұрын айтып өткендей, көптеген алматылықтар кешіккен қоғамдық көліктерді ұзақ уақыт күтті. Кейбіреулері бірқатар маршруттардың, әсіресе 121, 32 бағдардағы автобустардың шықпағандарын мәлімдеген. Ал "Green bus" ЖШС болса, барлық автобустардың жоспар бойынша жұмыс жасағандарын атап өтті.