Алматыда «Бекмаханов оқулары» өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінде «Жаңа заман тарихының мәселелері: бағыттары мен қарастырылуы» атты тақырыпта дәстүрлі «Бекмаханов оқулары» халықаралық конференция өз жұмысын бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конференция жұмысына Жапония, Ресей, Башқұртстан және өз еліміздің белгілі ғалымдары, ғалымның туыстары мен шәкірттері қатысуда. Қатысушылар отандық және әлем тарихының, археология мен этнологияның, тарих ғылымының әдістемелік мәселелерін, тарих ғылымы мен қоғамның өзара әрекеттік механизмін, жаңа замандағы төл тарихымыздың өзекті мәселелерін сараптап талқылауда.
«Біз «Бекмаханов оқуларын» 1993 жылдан бері өткізіп келеміз. Бұл шараның арқалар жүгі салмақты, әр конференция сайын тарих ғылымындағы көптеген өзекті мәселелер мен зерттеулер ортаға салынып, бүгінде бұл халықаралық конференция пікір алмасу орталығына айналып отыр», деді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы Жәкен Таймағамбетов. Оның айтуынша, бүгінде Бекмаханов оқулары дүниежүзіне белгілі.
«Бүгінде бұл университетте Ерекеңнің атындағы аудитория бар, онда диссертациялық кеңестер, түрлі дәрежедегі қорғаулар өтіп тұрады. Бекмахановтың есімін есте қалдыру мақсатында жасалып жатқан шаралар үшін ризалығымды білдіремін. Оның еңбектері іздеусіз қалып жатпағанына және бүгінде міне, 85 жасқа келсем де биылғы конференцияға қатысып отырғаныма қуаныштымын», деп атап өтті белгілі тарихшы, Ермұхан Бекмахановтың жұбайы Халима Бекмаханова.
Пленарлық мәжіліс секциялық жұмыстармен жалғасады. Ол мәжілістер - «Қазақстанның ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі тарихының өзекті мәселелері», «Әлем тарихы: жаһандану мен интеграциялану аясындағы зерттеудің жаңа әдістері», «Тарихи зерттеулердің тарихнамалық, деректану әдістемелері», «Қазақстандағы археологиялық және этнологиялық зерттеулер: нәтижелері мен болашағы» деген тақырыпта жүретін болады.
Сонымен қатар, конференция аясында «Ұлы Отан соғысының 65-жылдығына арналып «Соғыс және саясат: тарих сабақтары» атты тақырыпта дөңгелек стол отырысы жоспарланған.