Алматыда белгілі ғалым Марат Барманқұловты еске алды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚазҰУ-дың профессоры Сағымбай Қозыбаевтың айтуынша, Марат Барманқұловты Қазақстандағы журналистика ғылымының негізін қалаушылардың бірі ретінде қарастыру керек. «Еліміздегі телеарна саласының қауымы оны отандық телевидениенің өкіл әкесі ретінде қарауы бекер емес. Он шақты жылдан бері арамызда жоқ, бірақ оның бейнесі біздің жүрегімізде», дейді С.Қозыбаев. Факультет деканы Ғалия Ибраеваның айтуынша, Марат Барманқұловтың туған күніне арналған бұндай шара жыл сайын өткізіледі. «Бұл отандық журналистикаға елеулі еңбек сіңірген қайраткер тұлғасын арамызда мәңгі қалдыру, еңбегі ұмытылмауы үшін керек», дейді Ғ.Ибраева.
Марат Барманқұлов журналистика факультетінің деканы, телерадиожурналистика кафедрасының құрушысы, 1972-2000 жылдар аралығында меңгерушісі болды. Сондай-ақ орыс тіліндегі бірнеше кітаптардың авторы. «Дөңгелек үстел» барысында «Барманқұлов аумағында» атты деректі фильм мен телевидение саласындағы студенттік жұмыстардың көрсетілімі болды. Сондай-ақ әріптестері, журналистер, ғалымдар ол жайлы естеліктерімен бөлісті.