Алматыда белгілі қоғам және саяси қайраткері Шәріп Омаровтың құрметіне арналған көрме ашылды

АЛМАТЫ. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық мұражайында белгілі қоғам және саяси қайраткері, «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Шәріп Омаровтың (1948-2007) құрметіне арналған «Жастықтың оты жалындап...» атты жеке тұлғалық көрмесі ашылды.
None
None

Көрмеге еліміздің тарихындағы шоқтығы биік тұлғалардың бірі - Шәріп Омаровтың өмірі мен қызметін және шығармашылығымен таныстыратын заттар - фотосуреттері, әртүрлі құжаттары, ресми костюмдері мен футбол формасы, добы, марапаттары және тағы да басқа көптеген жеке заттары қойылған. Мұражайға келушілер мұнда дарынды тұлғаның өскен ортасы мен салихалы саяси қызмет белестерімен жақынырақ таныса алады.

Шәріп Омаров қоғам және саяси қайраткер ретінде ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше шақырылымдарының депутаты, ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары, Мемлекеттік «Қазақстан» телерадио кешені төрағасының бірінші орынбасары, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Парламентінің Қорғаныс және қауіпсіздік саласы бойынша халықаралық істері комитетінің төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенті Ассамблеясының мүшесі, ТМД Елдері Парламентаралық Ассамблеясының сыртқы саяси комитетінің төрағасы, ҚР-ның Чехия мен Словакиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі сынды жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерді үлкен жауапкершілікпен атқарған. Ш. Омаровтың өнер жолындағы шығармашылығы студент кезінде өзі негізін қалаған аты әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблімен тікелей байланысты.

"Шәріп Омаров өзі атқарған мемлекеттік жауапты қызметтердің қайсысында болмасын Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне зор үлес қоса білді. Өкінішке қарай, мезгілсіз жеткен қаза бұл дарынды тұлғаның әлеуетін толық көрсетуге мүмкіндік бермеді",-деп айтылды көрменің ашылуында.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының белгілі қоғам және саяси қайраткерлері мен Шәріп Омаровтың жанұя мүшелері және жақын достары қатысты.

Музейдің 4 залында орналасқан аталмыш көрме қазанның 23-не дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар