Алматыда белгілі суретші Рыстан Өмірзақтың көрмесі ашылды
Рыстан Өмірзақ - ұлттық құндылықтармен қатар еуропалық біліммен де сусындаған суретші. Оның туындыларындағы өрнектер өзіндік мән-мағынаға ие ерекше дүние. Жанрлық тұрғыда суретші станокты кескіндер мен кестелерді еркін игерген. Нәтижесінде автордың оюлары «жаңаша бейнеге» ие болды.
Р.Өмірзақ - Пикассо, Матисса туындыларының түпнұсқаларын зерттеудің арқасында, өзі де жазық кенепке ерекше ізденістер енгізу мүмкіндігін менгерген өнер иесі. Өзіндік қолтаңбаны толықтыру үшін ол тектік белгілер ретінде - тамға, тау тастарына салынған суреттерді пайдаланады. Туылғанынан көркемдікке жаны жақын суретшінің талғамы оның жұмыстарына экзотикалық әсемдік береді. Сонымен қатар, суретші ұлттық өнердің барлық ою-өрнектер қорын пайдалану арқылы қазіргі күннің жаңаша қияли әлемін түсіндіреді.
Көрмеге суретшінің жары Кәлемхан Рахметбай, қыздары Айнұр мен Гүлназымның туындылары да қойылған. Көрмеде суретшінің жары Кәлемхан Рахметбаймен бірлесіп салған суреттері мен кестелері де өзіндік сипатқа ие болып отыр. Олардың бұл бірлесе отырып атқарған жұмыстары келешекте синтетикалық жанрдың бейнелеу өнеріне жаңа даму үрдісін алып келе жатыр деуге болады. Қыздары Айнұр мен Гүлназда өнер иелері. Гүлназ - ҚР Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Шабыт» байқауының алтын медалін алған. Айнұр - көптеген халықаралық байқаулардың қатысушысы. Оның туындылары Қазақстанның ғана емес сонымен қатар Германия, Түркия елдеріндегі ыстық ықыласқа ие болған.
Көрме 14 ақпанға дейін жалғасады.