Алматыда белгілі суретші Сержан Бәшіровтың «Алтай жаңғырығы» атты жеке көрмесі ашылады

АЛМАТЫ. 8 маусым. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазақстандық танымал зергер Сержан Бәшіровтың топтамасындағы ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы қазақтардың зергерлік әшекейлері, авторлық жұмыстары - инсталляциялары мен өзіндік әшекейлері көрмеге қойылмақ.

Алматыда белгілі суретші Сержан Бәшіровтың «Алтай жаңғырығы» атты жеке көрмесі ашылады

Суретшінің туындылары біздің елімізден тыс жерлерде де кеңінен танымал. Оның еңбектері Алтын және бағалы металдар мұражайында (Астана қаласы), Шығыс халықтарының мұражайында (Мәскеу қаласы), Азия және Тынық мұхит мұражайында (Варшава қаласы) сақталуда.

Оның өзіндік қолтаңбасы бар. Зергер ұлттық символикаға толы, әрі авангардтық дизайн үлгілеріне сай келетін әдеттен тыс бұйым үлгілерін жасайды. Өзіне ғана тән ерекше талғамға ие Бәшіров - халық игілігін айрықша бағалай біледі, ішкі танымы бойынша этнограф ол қазақтардың көне әшекейлерін, кілемдерін және басқа да тұрмыстық заттарын жинап жүрген коллекционер.

С.Бәшіров көптеген фестивальдер мен көрмелерге қатысып, жоғары наградаларға ие болды. 1998 жылы Алматы қаласында өткен жастардың «Жігер» атты көрмесінде «Көрменің таңдаулы жұмысы» дипломымен марапатталды. 1999 жылы шеберлердің Алматы қаласында ұйымдастырылған «Зергер-99» байқауында Бас жүлде - «Асыл жамбыны» иеленген. Оның туындылары әлемнің көптеген елдерінде өткен көрмелерде келушілердің жүрегінен орын алған. 2005 жылы ол ЮНЕСКО-ның «Сапа белгісі» сертификатына ие болды.

Сонымен қатар ол шет елдердегі бірқатар көрмелерге қатысқан. 2000 жылы Қырғызстандағы «Бейбітшілік үшін» атты халықаралық фестивальге қатысса, 2000-2001 жылдары Мәскеудегі Орталық суретшілер үйінде Қазақстан атынан өкілдік еткен. 2001 жылы Германияның Магдебург қаласында өткен «Гала-арт» фестиваліне қатысты. 2004 жылы Бәшіров АҚШ-тың Аризона штатындағы Туссон қаласында өз өнерін көрсетті. Сондай-ақ шебер Венгрияда екі мәрте болып қайтқан. 2003 жылы Кечкеметтегі қолданбалы-суретшілердің фестиваліне, ал екінші рет 2010 жылдың тамыз айында Қазақстанның 64 адамнан тұратын делегациясының құрамында «Туран-2010» атты Үлкен Құрылтайға қатысты, ол Бугац деген жерде өткен болатын. Франция астанасы Парижде 2007 жылы өткен Жоғары сән аптасында оралдық дизайнер Ақкенже Девятко өз коллекциясын назарға ұсынған. Ал оның үлгілеріне Сержан Бәшіровтің зергерлік бұйымдары сән берген-ді.

С.М.Бәшіров 1964 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. Алматының Гоголь атындағы Мемлекеттік көркемсурет училищесін, ал 1991 жылы Алматы Мемлекеттік театр-көркемөнер институтын тәмамдаған. Республикалық көркемсурет колледжінің оқытушысы. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.

Аталған көрме маусымның 9-нан шілде айының 9-на дейін«Алматы» Арт-Орталығында өтеді.