Алматыда белгілі суретші, зергер Сержан Бәшіровтің жеке көрмесі ашылды

АЛМАТЫ. 10 маусым. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше Алматыда белгілі суретші Сержан Бәшіровтың «Алтай жаңғырығы» атты жеке көрмесі ашылды.

Алматыда белгілі суретші,  зергер Сержан Бәшіровтің жеке көрмесі ашылды

Көрмеге зергердің соңғы жылдары жасаған туындылары қойылған. Олардың ішінде «Алтай», «Әуен», «Керулен», «Сарыарқа» сынды еңбектері орын алған.

Қылқалам шеберінің өнердегі әріптесі, Суретшілер одағының мүшесі, Қазақ өнер академиясының мүшесі Зейнелхан Мұхамеджан көрме иесінің шығармашылық талғамы өте жоғары екендігін айтады. «Жалпы бізде зергер деген тек қана сақина, сырға жасайды деген тар ұғым бар. Ал шын мәнінде Сержан қазақтың көнеден келе жатқан негізгі шикізаты болған күмісті қамырша илеп, оның тілін жақсы білетін өнер адамы. Халықтың ішінде тығылып жатқан мұң-зарын сөйлете білген өте шебер зергер. Ол металды сезініп, тілдесе біледі. Содан барлық шеберлік мүмкіндігін көне тарих қойнауына жіберіп, Алтай атты символикасында түркілердің мәдениетін өз жұмыстарында көрсеткісі келген», -дейді ол.

Сондай-ақ З.Мұхамеджан суретші Шыңғысханның тұсында паспорт ретінде қолданған «пайзы» атты құралды өнер дәрежесіне көтеріп, тарихи қойнауын ақтара отырып, жасап шыққандығын жеткізді. «Сондықтан Сержанды жай зергер ғана емес, үлкен суреткер, қазақтың зергерлік өнерін әлемдік деңгейге көтеріп, өзінің әріптестерінің санасына үлкен толқыныс, жарылыс әкелген адам деп білемін», - деп атап өтті өз сөзінде суретшінің әріптесі.

«Бүгінгі көрмеге соңғы жылдары жасалған туындыларым қойылды. Жұмыстарымда негізінен күн, шексіздік сияқты философиялық мәнге ие белгілерді кеңінен қолданамын. Сонымен қатар көшпенділердің ізін жалғастырушы ретінде тері, күміс, мыс сияқты метелдарды пайдаланамын», -дейді суретші С.Бәшіров.

Көрмеге суретшінің өнердегі достары, шәкірттері, туған-туыстары мен оның шығармашылығына қызығушылық танытушылар жиналды.

Суретшінің еңбектері Алтын және бағалы металдар мұражайында (Астана қаласы), Шығыс халықтарының мұражайында (Мәскеу қаласы), Азия және Тынық мұхит мұражайында (Варшава қаласы) сақталуда.

Сонымен қатар С.Бәшіров көптеген фестивальдер мен көрмелерге қатысқан. Бірнеше көрмелерде жоғары наградаларға ие болды. 1998 жылы Алматы қаласында өткен жастардың «Жігер» атты көрмесінде «Көрменің таңдаулы жұмысы» дипломымен марапатталды. 1999 жылы шеберлердің Алматы қаласында ұйымдастырылған «Зергер-99» байқауында Бас жүлде - «Асыл жамбыны» иеленген. Оның туындылары әлемнің көптеген елдерінде өткен көрмелерге келушілердің жүрек түкпірінен өшпес орын алған. 2005 жылы ол ЮНЕСКО-ның «Сапа белгісі» сертификатына ие болды.

«Алматы» арт-орталығында өтіп жатқан көрме 9-шілдеге дейін жалғасады.