Алматыда белгілі тарихшы ғалым Жарас Ибрашев қайтыс болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 88 жасына қараған шағында тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар және Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты кафедрасының профессоры Жарас Ибрашев қайтыс болды.

Алматыда белгілі тарихшы ғалым Жарас Ибрашев қайтыс болды

Бұл ақпаратты аталмыш жоғары оқу орнының баспасөз қызметі растады. Бүгін марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі болып өтті.

Ибрашев Жарас Омарұлы 1928 жылы 10 тамызда Батыс Қазақстан облысында туған. 1950 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдап, еңбек жолын осында Жалпыға бірдей тарих кафедрасының ассистенті болып бастаған. Одан кейін 1954-1957 жылдары Алматы қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы, ҚазҰУ-да комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1958 жылы аға оқытушы болды. 1987-2000 жылдары кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.

Жарас Ибрашев 100-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 5 монографияның авторы. Ол көрнекті ғалым бола тұрып, халықаралық қатынастар, еуропалық интеграция мәселелері бойынша ғылыми зерттеулермен тынбай айналысты. Оның ғылыми еңбектері жаһандану мен интеграция мәселелеріне, ұжымдық және көпқырлы дипломатия, еуропалық интеграцияның әртүрлі аспектілеріне арналды. Іргелі ғылыми еңбегі - «Голлизм в политической мысли Франции» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

Ол 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті шеңберінде тұңғыш рет Халықаралық қатынастар және Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты кафедрасының негізін қалады. Ал кейін, көп ұзамай 1995 жылы осы университетте Халықаралық қатынастар факультетін құрды.

Ибрашев Жарас Омарұлы 35 ғылым кандидаты мен 10 ғылым докторын дайындаған ұстаз.