Алматыда белгілі заңгер, ғалым Ғайрат Сапарғалиевтің 80 жасқа толу мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Маусымның 12-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, професссор Ғайрат Сапарғалиевтің 80 жасқа толу мерейтойына арналған «Қазақстандағы конститутционалдық жүйенің дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға белгілі ғалымның әріптестері, Қазақстан мен Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан ғалымдары қатысуда. «Ғайрат Сапарғалиұлы тәуелсіз Қазақстанның заң ғылымының қалыптасуына, Ата Заңымыздың жасалуына белсене үлес қосқан айтулы тұлғалардың бірі. Онымен қатар оның қаламынан заң ғылымы саласына қатысты бірнеше оқулықтар мен зерттеу еңбектері жарық көрген. Ғайрат Сапарғалиұлы Қазақстанның заң ғылымы саласындағы ең жарқын, көрнекті тұлғалардың бірі. 80 жасқа дейін заңгер мамандардың дайындалуына белсене үлес қосып келеді», деді конференцияны ашқан ҚазҰПУ ректоры Серік Пірәлиев. Оның айтуынша, қазіргі Қазақстанның заң саласында қызмет ететін көрнекті тұлғалардың көпшілігі Ғайрат Сапарғалиұлынан тәлім алған шәкірттер. Олардың саны бүгінде 500-ге жуықтайды.
Конференция барысында жасалуына Ғайрат Сапарғалиұлы белсене араласқан ҚР Ата заңын, ҚР Қылмыстық кодексін жетілдру сынды бағыттар бойынша 50-ден астам баяндама жасалмақ. Конференция материалдары алдағы уақытта кітап болып жарық көреді.
Ғайрат Сапарғалиев 1930 жылғы маусымның 26-сында Семей облысының Жаңасемей қаласында дүниеге келген. Саратов заң инстиутының түлегі. 36 жасында докторлық қорғаған КСРО-нің ең жас ғылым докторларының бірі. ҚР ҰҒА аспиранты, кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкер, директордың орынбасары, ҚР ҰҒА филосиофия және құқық институтының бөлім бастығы, Абай атындағы АлМУ-дың заң факультетінің деканы, Қазақ гуманитарлық заң университетінің Мемлекет және құқық институтының директоры қызметтерін атқарған. Оның 370-тен астам ғылыми еңбегі бар. Олардың қатарында тәуелсіз Қазақстанның заң ғылымына елеулі үлес қосқан «Қазақстан Республикасындағы конституциялық құрылымның қалыптасуы», «Конституциялық жауапкершіліктің проблемалары», «Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік қызметті реформалаудың құқықтық проблемалары» сынды еңбектері бар. Қазақстанның еңбек сіңірген заң қызметкері, «Құрмет» орденінің, бірқатар медальдардың иегері.