Алматыда бес ірі зауыт салынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл Алматыда бес ірі өндіріс орнының құрылыс жұмыстары басталды. Тартылған инвестицияның жалпы көлемі 15,4 млрд теңге. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда бес ірі зауыт салынады

Басқарманың берген жауабы бойынша, Алматыда жалпы инвестиция көлемі 11,1 млрд теңге болатын заманауи дәрілік препараттарды әзірлеу және шығару бойынша биофармацевтикалық кешеннің құрылысы басталды. Оны келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпорында 231 адам жұмыспен қамтылмақ.

Сондай-ақ, қалада 1,5 млрд теңгеге арматуралайтын тор, кварц агломераттары мен профильді құбырлар шығаратын зауыт салынуда.

«Әкімшілік ғимараттың екінші қабатын қалау жұмыстары жүргізілуде. Жер учаскесін жоспарлау бойынша жұмыстар аяқталды. Инженерлік желілерді салу басталды», - деді басқармада. Кәсіпорын 2024 жылы іске қосылып. Жаңа 100 жұмыс орны құрылады.

Үшінші ірі жоба – газдалған бетон блоктарын шығаратын зауыт салу. Инвестиция көлемі – 1,24 млрд теңге. Ақпаратқа сәйкес, металл конструкциялар мен сэндвич-панельдерді монтаждау аяқталды. Қазіргі уақытта инженерлік желілер қосылып, технологиялық жабдықтарды монтаждау жүргізілуде. Кәсіпорын 2022 жылы ашылып, 30 адам жұмысқа орналасады.

Сондай-ақ, мегаполисте келесі жылы 800 млн теңгеге төмен вольтты жүйенің электр техникалық жабдықтарын шығаратын зауыт салынып, іске қосылады. Нысанда 50 адам жұмыспен қамтылады.

Бесінші ірі өндірістің ашылуы 2023 жылға жоспарланып отыр. Қалада 800 млн теңгеге лак-бояу өнімдерін шығаратын зауыт салынып жатыр. Атап айтқанда, бастапқы іргесін көтеру жұмыстары басталды. Жұмыспен 120 адам қамтамасыз етіледі.