Алматыда бетон жасау зауыты қоршаған ортаны ластап отыр ? баспасөз мәслихаты

АЛМАТЫ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматы қаласындағы «Центрбетон» ЖШС қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіруде.
None
None
Бүгін баспасөз мәслихатын ұйымдастырған «Жасыл құтқару» экологиялық қоғамының өкілдері осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қоғам өкілдерінің айтуынша, аталған кәсіпорын цемент пен көмірді сақтаумен және сатумен, бетон және керамзитбетон өндірумен айналысады. Ол 1998 жылы іске қосылған. Зауыттың санитарлық-қорғау аумағында орналасқан үйлердің тұрғындары комбинаттың келтіріп отырған залалының көп екендігін айтуда. Олардың үйлері үнемі түтінге, шаң-тозаңға көміледі екен. Бұған қоса, цемент тозаңы айналасындағы бау-бақшаға да кері әсерін тигізіп отырған көрінеді.Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы бойынша, 2003 жылы зауыт аумағындағы қоршаған ортаның ластану деңгейі белгіленген шамадан 114 есе жоғары болған. «Көп жылдардан бері біздер аталған мәселелерге қоғамның назарын аударуға бағытталған бірқатар әрекеттерге бардық. Дегенмен әлі нақты нәтиже жоқ», - дейді зауыттың санитарлық-қорғау аумағында тұрып жатқан Л. Гатина.Оның айтуынша, тұрғындар сотқа шағымданған. Бірнеше жылға созылған тексеру шараларынан нәтиже болмаған соң, олар Орхус конвенциясын (Женева) сақтау мәселелері комитетіне өтініш жазады. Аталған халықаралық ұйым комбинаттың әрекеттерін заң бұзушылық деп бағалап, экология заңнамасын бұзуды доғару туралы талаптар қояды. Алайда бұған цемент зауытының басшылығы назар аудармаған.Қазір Алматы қаласы Бостандық ауданының соты «Центрбетон» ЖШС-ң жұмысын уақытша тоқтату туралы міндеттемені тиісті органдарға тапсырды. Қазақстанның ЕҚЫҰ басқару қарсаңында елімізде адам құқықтарының жаппай бұзылуы мен экологияға келген зияндардың жолын кесуде нақты шаралар қолға алынуы қажет деп санайды «Жасыл құтқару» қоғамының өкілдері.
Соңғы жаңалықтар