Алматыда безгек індетіне қарсы залалсыздандыру шарасы басталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Алатау, Жетісу және Түркісіб аудандарында орналасқан 7 су айдынында безгек тасушы масалардың дернәсілдеріне қарсы залалсыздандыру шарасы басталды.
Ол энтомологиялық көрсеткіштер бойынша 6 кезеңнен тұрады. Жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігін бақылау екінші тәулікте анықталады.
Су айдындарында безгекке қарсы залалсыздандыру шараларын ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты «Алматы қаласы бойынша залалсыздандыру орталығы» мекемесі жүзеге асырады. Бұл жұмыстарға Алматы қаласының тұтынушылар құқығын қорғау қызметі бақылау жасайды.
Естеріңізге сала кетелік, Алматыда саябақтар мен гүлбақтарында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының екінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Бірінші кезекте «Медеу», «Алмаарасан» табиғи саябақтары, «Бутаковка» шатқалы, «Көктөбе» саябағы, «Қарағайлы» шатқалы және «Қарғалы» мекені өңделді.
Алматы қаласы тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі Департаментінің хабарлауынша, кенеге қарсы өңдеу жұмыстары үстіміздегі жылы 20 маусымда аяқталады.