Алматыда Бибігүл Төлегенованың мерейтойлық салтанатты кеші өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мерекелік кеште мерейтой иесі Бибігүл Төлегенова Шарль Гуноның, Гастальдонидің, Пуччинидің, Ғазиза Жұбанованың шығармаларындағы арияларды, сонымен қатар, қазақтың халық әндерін де орындады. Концертте сондай-ақ Бибігүл Төлегенованың барлық шәкірттері өнер көрсетті. Мерекелік кештің ашылуында «Қазақ бұлбұлын» Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов құттықтап, Елбасының арнайы жолдаған қошемет хатын оқыды. Әлемдік сахнаның примасын, сондай-ақ Абай атындағы опера және балет театрының ұжымы құттықтап, әнмен шашу шашты. Мерекелік концерт барысында, демеушілік көрсеткен «ПетроҚазақстан» компаниясы мерейтой иесіне 1 миллион теңге ақшалай сыйлықтарын табыс етті. Салтанатты кеш, той иесінің 40 жылдай бірге жұмыс жасаған Мемлекеттік Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрі мен опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.
«Бибігүл Төлегенова қазағымыздың маңдайына біткен алтын қорымыз, біздің алтын бесігіміз, алтын әпкеміз. Оның аты аталса қазақ өнері, қазақтың колоратура сопраносы, қазақтың халық әндері еске түседі. Қазақ бұлбұлының қазақ халқына берген еңбегін бүкіл ел, бүкіл қазақ жұртты ешқашан ұмытпайды. Әпкеміз жасай берсін!», деді халық әртісі Алтынбек Қоразбаев.
Бибігүл Төлегенова - әлемдік деңгейдегі әнші, опера жұлдызы. Ол - өзінің өнердегі аса жоғары жетістіктері үшін ғана емес, халық арасында үлкен сүйіспеншілікке ие болғандықтан да халық әртісі атанған жан. Бибігүл Ахметқызын әлемнің әр өнерсүйер қауымы әрқашан құшақ жая қарсы алады. Оның әндеріне Нью-Йорктың, Лондонның, Париждің, Римнің, Афинаның, Токионың, Сеулдің, Каир мен басқа да әлемнің ірі қалаларының айтулы концерт залдарына жиналған жұрт тамсана қол соққан. Халық әртісі әлемнің ең үздік оркестрлерімен; Осипов атындағы орыс ұлттық академиялық ұлт аспаптар оркестрі, Чайковский атындағы үлкен симфониялық оркестрі, принц Уэльскийдің (Ұлыбритания) камералық оркестрімен бірге ән салған. ЮНЕСКО шешімі бойынша Бибігүл Төлегенова XX ғасырдың ұлы жиырма әйелдерінің қатарына енген болатын.