Алматыда бильярдтан жасөспірімдер мен жастар арасындағы ел чемпионаты өтті

АЛМАТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда бильярдтың «Еркін пирамида», «Құрастырмалы пирамида» және «Пул 9» түрлерінен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты болды.

Алматыда бильярдтан  жасөспірімдер мен жастар арасындағы ел чемпионаты өтті

«Бастау» бильярд клубында өткен бұл шараны Қазақстанның Бильярд спорты федерациясы ұйымдастырған еді. 13 пен 18 жас аралығындағы жас спортшылар арасындағы бұл дүбірлі доданың ең жас бильярдшысы 10 жасар Витя Зайцев болды. «Еркін пирамидада» қарағандылық Әлібек Омаров (1993ж.) ақтық сында алматылық Бахтишат Зайнаудинді (1993ж) ұтып ел чемпионы атанды. Үшінші орынды алматылық Арби Муциев (1993ж.) пен Абылай Қаранеев (1994 ж.) бөлісті.

«Құрастырмалы пирамидада» алматылық Станислав Марков финалда байқоңырлық Темірлан Көшеровтан басым түсті. Онда қола жүлдені алматылық Еламан Атаев пен павлодарлық Азамат Әубәкіров иеленді. Олардың бәрі де 1994 жылдың ұландары.

«Пул 9» жарысында Станислав Марков екінші рет алтын медальдің иесі атанды. Ал семейлік Тәлімжан Тоқтасынов күміс, ақтаулық Ғалым Балмұханов қол жүлдені омырауына тақты.