Алматыда бильярдтың «Аралас пирамида» түрінен Әлем кубогы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда бильярдтың «Аралас пирамида» түрінен Әлем кубогы жарысы басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оған АҚШ, Әзірбайжан, Беларус, Германия, Корея, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Украина сияқты 24 елден 56 спортшы қатысып жатыр. Олардың арасында әлем чемпиондарынан қазақстандық Қаныбек Сағындықов (3 дүркін) пен Әлихан Қаранеев, украиндық Александр Паламарь мен Ярослав Винокур бар. Ақпанның 21-іне дейін созылатын бұл дүбірлі додаға Беларустың халықаралық дәрежедегі төрешісі Юрий Черванов бастаған қазылар алқасы төрелік жасамақ. ҚР Бильярд федерациясының вце-президенті Мақсат Дауылбаевтың айтуынша, «Аралас пирамидадан» Әлем кубогы Қазақстанда алғаш рет 2007 жылы өткен болатын. Содан бері бұл байрақты бәсеке 3 жыл қатарынан Алматыда өз жалауын көтеріп жүр. Оны қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі абырой-беделдерінің жоғарылығымен байланыстыруға болады.