Алматыда білім алып жатқан шетелдік жастар Қазақстанның тәуелсіздік күнін атап өтті
АЛМАТЫ. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жатқан шетелдік студенттер арасында ҚР Тәуелсіздігі күніне орай «Тәуелсіздік таңым» деп аталатын мерекелік шара өтті.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің дайындық кафедрасының оқытушысы Жібек Ибраимованың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты - өздерінің тарихи Отанынан жырақта өскен қазақ диаспорасы өкілдеріне, Президент бастамасымен білім алып жатқан ауған жастарына Қазақстан Республикасының өткені мен бүгінін таныстыру. Қазіргі таңда республикадағы бұл жетекші жоғары оқу орнының дайындық бөлімінде 150 адам оқып жатыр.
«Бұл кеште тыңдаушылар «Тәуелсіздік күні», «Желтоқсан оқиғасы» жайлы жүрек толқытар, мәнді де мағыналы өлең-жырлар оқыды. Мәселен, Ілия Мархаббат: Тәуелсіздік туы мәңгі желбіреп, Тәуелсіздік десе жүрек елжіреп. Қыршыннан қиылған жастарды, Еске алайық желтоқсанды елжіреп! - десе, Жанар Есенғазы: Жоймаған ғасырлардан қасиетін, ардақтап ұлы баба өсиетін. Жас ұрпағы Отанның біз боламыз. Тәуелсіздік алдында бас иетін - деп тебіренді. Сондай-ақ күмбірлете төгілген күй, шарықтата шырқалған әсем әндер, бәрі де төл мерекемізге бағытталды. Қазақтың ұлттық билерімен қатар, түбі бір түркі елдерінің, қарақалпақ, өзбек, хорезм билері - ынтымағы жарасқан тәуелсіз еліміздің татулығы мен бірлігін паш еткендей әсер қалдырды», - дейді Ж.Ибраимова.