Алматыда «Білім беру саласына арналған IT шешімдерді оқыту бойынша Орталық Азиялық форум өтіп жатыр
Microsoft компаниясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан форумға бағдарламаларды дайындаумен айналысатын компаниялардың жетекшілері, техникалық кеңесшілер, маркетинг, сатылым саласындағы мамандар мен өңдеп шығарушылар, қызмет көрсету бөлімдерінің қызметкерлері және дистрибьютерлер қатысуда.
Екі күндік форум барысында білім беру саласына жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мәселелері, Microsoft-тың әріптестік стратегиясы, бірқатар өнімдері мен контентпен жұмыс жасауға және білім беру мекемелеріне арналған шешімдер, сонымен қатар, кешендік шешімдер мен академиялық лицензиялау бағдарламалары қаралып, талқыланбақ.
«Әріптестік форумдар дәстүрлі іс-шарамыз, дегенмен, бұл жылы форум тұңғыш рет толығымен білім беру саласына - отандық IT компаниялардың басқа деңгейге өтуіне, өзінің дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар табуына болатын осы саладағы жетекші технологияларға арналып отыр. Бұл орайда, Қазақстанда білім саласына жаңа технологияларды енгізуге үлкен көңіл бөлініп отырғандығын атап өткім келеді», деді Microsoft компаниясының білім беру секторымен жұмыс істеу жетекшісі Жанар Рахымжанова. Оның айтуынша, 2011-2020 жылдарға білім саласын дамытуға арналған Мемлекеттік жоба бойынша 2015 жылға дейін білім беру мекемелерінің 90 пайызы электрондық білім алуды қолдануы қажет. «Ол мақсатқа жетуіміз үшін инфрақұрылымды дамытып, бағдарламалық шешімдерді құрып, мұғалімдерді дайындап, сандық білім ресурстарын жасап шығуымыз керек», деп атап өтті Жанар Рахымжанова.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі мектептердің 98 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. «Оның үштен бірі жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін интернетке ие. Ауылдық жерлер қаладан қалыспай келе жатқаныменен көптеген компьютерлер ескіріп, ауыстыруды қажет етіп отыр», деді ол.