Алматыда білім беру саласындағы мемлекеттік тілдің ахуалын талқылауға арналған халықаралық конференция болады

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өтетін бұл шараны Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жоғары оқу орны қалалық тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Конференция ҚР Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Исаевтың 75 жылдығына арналуда.
С. Исаев 1938 жылы Ресейде өмірге келіп, 1999 жылы Қазақстанда дүниеден өткен болатын. Омбы педагогикалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген ол 1962-1988 жылдары ҚР ҒА Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті, деканы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ал 1989-1999 жылдар аралығында өзі ұстаздық қызмет жасаған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры болып, оның өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Түркітану саласын терең зерттеп, тіл білімі негізін қалыптастыруда елеулі еңбек етіп, тіл білімі саласында ерен еңбегі үшін берілетін Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері болды. Ғалым қазақ әдеби тілінің даму жолдары, тіл тарихы, қазақ тілі грамматикасының теориялық мәселелерін кең көлемде зерттеп, іргелі ғылыми жобаларды іске асырды. Сондай-ақ 1966 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» мен 1967 жылы шыққан 2 томдық «Қазақ тілінің академиялық грамматикасы» авторларының бірі болды.