Алматыда білім форумы мен бос орындар жәрмеңкесі өтуде
АЛМАТЫ. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде қоскүндік «Жас маман» білім форумы мен бос орындар жәрмеңкесі өтуде.
Оны «Алматы жастары конгресі» қоғамдық бірлестігі, «Алматы жастары кеңесі» ҚБ, «Жастар парламентінің Жастар заң құрастыру жұмыстары жөніндегі орталығы» РҚБ, «Жас кеңес» ҚБ, Алматы пікірсайыс орталығы және басқа да жастар ұйымдары бірлесе ұйымдастырып отыр. Шараның мақсаты - студенттер мен ЖОО бітірушілерінің қаржылық сауаттылықтарын жоғарылату мен ақпараттық қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған, сонымен бірге, тәжірибе алмасу мен іскерлік қарым-қатынастар орнату.
Шара барысында бизнес-жоспарлар байқауы, қалалық пікірсайыс турнирі, қаржылық сауаттылық бойынша зияткерлік сайысы мен «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қорының «Алматы қаласы аумақтық қаржы орталығы» АҚ өкілдерімен тренингтер және жетекші кәсіпкерлердің шеберлік сабақтары өтетін болады.
Ертеңгі жабылу салтанатында осы аталған сайыстар жеңімпаздары марапатталып, форум қатысушыларына сертификаттар беріледі.