15:45, 16 Сәуір 2011 | GMT +5
Алматыда «Білім және мансап-2011» көрмесі өтеді
АЛМАТЫ. 16 сәуір. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Сәуірдің 20-22 аралығында Алматыда «Білім және мансап-2011» көрмесі өтеді. Шараға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Латвия, Гармания, Италиядан 90-нан астам білім беру ұйымдары қатысады.
XII көрменің мақсаты - білім саласындағы жетістіктерді көрсету, білім берудің заманауи технологиясын, білім жабдықтарын, жаңа оқу бағдарламаларын, әдістемелік кешендерді таныстыру, тәжірибе алмасу.
Көрме аясында шет елдік және отандық жоғары оқу орындарында жасалған инновациялық жобалар көрсетіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме білім саласын жетілдіруге және әлемдік білім кеңістігінде білім жүйелерінің ықпалдастығын жылдамдатады.
Шараны «Атакент-Экспо» халықаралық көрме компаниясы ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Алматы қаласы әкімшілігінің және Мемлекеттік жастар саясатын дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырып отыр.