Алматыда биохимияның негізін салушы, академик Т. Дарқанбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтуде
АЛМАТЫ. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде академик, биология ғылымдарының докторы, профессор, биохимияның негізін салушы, ғалым-биохимик, еліміздің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Темірбай Дарқанбаевтың 100 жылдығына арналған "Биотехнология, нанотехнология және физико-химиялық биология" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.
Оның жұмысына Ресей, Мысыр, Германия, Америка, Франция және ТМД елдерінің жетекші ғалымдары мен эколог-мамандары, еліміз бойынша Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындары мен академиялық институттардың ғалымдары қатысуда.
Конференцияның мақсаты - Қазақстанда және шет елде биотехнология, нанотехнология және физико-химиялық биологияның жағдайын және даму болашағы анықтау болып табылады.
Екі күнге созылатын конференция барысында биотехнология, нанотехнология және физико-химиялық биология салаларындағы қазіргі кездегі мәселелеріне қатысты өзекті проблемалар мен оны шешу және дамыту жолдары қаралмақ.
Конференция әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарихи мұражайында өткен салтанатты митингпен ашылып, Темірбай Дарқанбаевтың ескерткіш суретіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды.
"Темірбай Дарқанбаев жайында көп нәрсе айтуға болады. Мен ол кісімен бірге жұмыс істедім, жанұямызбен де араластық. Еліне көп еңбек сіңірген адаммен бірге қызметтес болғанымды мәртебе тұтамын. Ол ірі ғалым және керемет ұстаз ғана емес, Қазақстандағы биологиялық ғылымның шебер ұйымдастырушысы болды. Бұнымен қатар қоғамдық жұмыстармен де айналысып, оның еңбегі мемлекет тарапынан бағаланды. Оның бойында тамаша қасиеттердің бәрі болды, ол жоғары тәрбиелілігімен ерекшеленді. Темірбай Дарқанбаевты ХХ-шы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының даңқты ұлдары шоғырына жатқызуға болады", -деп атап өтті жиын барысында М. Айтхожин атындағы биохимия және молекулалық биология институтының академигі, профессор Мұрат Ғылманов.
Темірбай Дарқанбаевтың шәкірті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің биология факультеті деканының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Әділ Ережеповтың айтуынша, Темірбай Дарқанбаев биохимик, физиолог, микробиолог кадрлерін дайындауда үлкен үлес қосқан. "Ол 30 жыл биохимия және энзимология пәндері бойынша лекция оқып, алғашқы рет қазақ тілінде биохимия курстарын ашты. Соғыстан кейін ҚазҰУ басқарған уақыттары оның нығаюы мен қанат жаюына үлкен үлес қосты. Бұл кезеңде оқу орынындағы студенттер саны үш есеге өсіп, 9 факультетте 25 мамандық бойынша дайындықтар жүргізілді. Бірнеше зертханалар ашылып, еліміздегі молекулалық биология бойынша ғылыми орталықтардың құрылуына ықпал етті. Сондай-ақ, оқу-материалдық базалар да кеңейді. Бүгінде біздің биология факультетінде оның атымен аталған арнайы аудитория бар",-деді ол.
Темірбай Дарқанбаев - Ленин, Еңбек Қызыл Ту, екі рет "Құрмет белгісі" ордендерімен, көптеген медальдармен және ҚазКСР Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамоталарымен марапатталған.