Алматыда бір күнде 12 мыңға жуық адам вакцина алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 11 717 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«23 тамыз күні 11 717 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін 3 971, II компонентін 7 746 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында, қалада 844 909 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 689 202 адам екінші компонентін салдырған. Олардың ішінде 109 901 адамның жасы 60-тан асқан», - деп хабарлады басқармадан.
Қалада 160 пункт жұмыс істеп тұр. 1 028 адамнан тұратын 237 егпе бригадасы бар. Сонымен қатар, 40 көшпелі мобильді бригада ұйымдастырылған.
«Қазір медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді» - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.