Алматыда бір тәулікте 1,8 мың адам вакцина салдырды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 1817 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқарма таратқан мәліметке сәйкес, 2 маусым күні 1 817 алматылық вакцина салдырды. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 2 маусым аралығында қалада барлығы 313 796 адамға екпе салынды. Оның 199 922-сі вакцинаның екі компонентін алды.
Қалада 212 пункт жұмыс істеп тұр. 1 256 адамнан тұратын 307 егу бригадасы бар. Сонымен қатар, 40 көшпелі мобильді бригада ұйымдастырылды.
«Қазіргі медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді» - деп нақтылады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Айта кетейік, 1 маусым күні Қытай елінен «CoronaVac» вакцинасының 500 мың дозасы Алматыға жеткізілді.
CoronaVac вакцинасын Қазақстан аумағында қолдануға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдады және елде қолданылып жүрген QazVac, «Спутник V» және Hayat Vax вакциналарының тізбесін толықтырады.