Алматыда бір тәулікте 10 мыңнан астам адам вакцина салдырды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 10 639 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«7 қыркүйек күні 10 639 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін 4 184 , II компонентін 6 455 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 6 қыркүйек аралығында қалада 895 420 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 782 451 адам екінші компонентін салдырған. Олардың ішінде 114 440 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.
Қалада 160 пункт жұмыс істеп тұр. 1 028 адамнан тұратын 237 егу бригадасы бар.
Сонымен қатар, 40 көшпелі мобильді бригада ұйымдастырылған.
«Қазір медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді» - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.