Алматыда бір тәулікте 3,4 мың адам вакцина алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 3 456 адам коронавирус вакцинасын салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«15 қараша күні 3 456 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін – 1 856, II компонентін – 1 600 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 15 қараша аралығында қалада 1 011 453 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 962 916 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 121 595 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан. Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 733 адамнан тұратын 205 екпе бригадасы бар.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады басқарманың баспасөз қызметі.