Алматыда бір тәулікте 3 мыңнан астам адам вакцина алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 3451 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда бір тәулікте 3 мыңнан астам адам вакцина алды

«24 қараша күні 3451 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін – 1814, II компонентін – 1637 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 24 қараша аралығында қалада 1 019 877 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 974 182 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 121 990 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.

Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 733 адамнан тұратын 205 егу бригадасы бар.

«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.