Алматыда бір тәулікте 6,2 мыңнан астам адам вакцина алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 6 203 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«27 маусым күні 6 203 алматылық вакцина салдырды. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 27 маусым аралығында қалада барлығы 428 532 адамға екпе салынды. Вакцина алғандардың жалпы санынан 60 жастан асқан қарт кісілер -69 644»,- дейді Нариман Табынбаев.
Оның айтуынша, қалада 208 пункт жұмыс істеп тұр. 1 256 адамнан тұратын 307 егу бригадасы бар. Сонымен қатар, 40 көшпелі мобильді бригада ұйымдастырылды.
«Қазіргі медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді» - деп нақтылады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Қала бойынша вакцинаның қалдығы – бірінші компоненттің 41 518 дозасы және екінші компоненттің 104 241 дозасы бар.
Айта кетейік, 26 маусым күні Алматыға QazVac вакцинасының 1 және 2 компонентінің 9 000 дозасы жеткізілді