Алматыда бір тәулікте адам өліміне әкеліп соқтырған екі жол апаты тіркелді

АЛМАТЫ. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Алматыда өткен тәулікте адам өліміне әкеліп соқтырған екі жол апаты тіркелді, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметінен.

Алматыда бір тәулікте адам өліміне әкеліп соқтырған екі жол апаты тіркелді

Қайғылы аяқталған бірінші оқиға кеше болды. 74 жастағы ер адам «Фольксваген Пассат» маркалы көлігінің астына түсті. Зейнеткер оқиға орнында мерт болды. Оның өлімін анықтаған дәрігерлердің алдын ала мәліметтерінше, ер адамның бас-миы шайқалып, сүйектері сынған.

Арада 12 сағаттай уақыт өткенде Алматының жол полицейлері адам өліміне әкеліп соқтырған тағы бір жол-көлік оқиғасын тіркеді. Бұл жолы «Шаңырақ» шағынауданындағы Жанқожа батыр көшесінен өтіп бара жатқан 6 жасар баланың өмірі қиылды. «Фольксваген Гольф» көлігінің 24 жасар жүргізушісі жолға жүгіріп шыққан баланы көргенмен көлігін жедеқабыл тоқтата алмаған. Бала алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Жоғарыда аталған оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу амалдары басталды.