Алматыда «Біргеміз! Біз темекі, ішімдік пен есірткіні жеңеміз!» атты жастар акциясы қорытындыланды

АЛМАТЫ. Наурыздың 17-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыдағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Біргеміз! Біз темекі, ішімдік пен есірткіні жеңеміз!» атты республикалық жастар акциясының қорытындысы өтті,

Алматыда   «Біргеміз! Біз темекі, ішімдік пен есірткіні жеңеміз!» атты жастар акциясы қорытындыланды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының Ұлттық орталығы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Біз сендермен біргеміз!» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп отырған шараның мақсаты - Қазақстан жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру саясатын жүзеге асыру.

Аталмыш орталықтың Бас директоры Сәуле Диқанбаеваның айтуынша, салауатты өмір салтын сақтап, жаман әдеттен аулақ жүретін дені сау жастар ел болашағы. «Президентіміз айтып өткендей, еліміздегі атқарылып жатқан істердің барлығы жастарымыз үшін жасалып отыр. Өйткені дені сау, ой-өрісі жоғары жастар еліміздің болашағы, үміті. Сондықтан осы бағытта біздің орталық пен Білім және ғылым министрлігі әр аймақ бойынша бір жылдан артық еңбек етті», дейді С.Диқанбаева.

Сондай-ақ аталмыш шараға еліміздің танымал спортшылары мен эстрада жұлдыздары келіп, жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырып, өздерінің ізгі тілектерін білдірді.