Алматыда бірқатар жолаушы автобустарының бағдары өзгертілді

Ал бірін-бірі қайталайтын автобус бағыттары қысқартылады. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Жобаның басты мақсаты - қаланың бағдарлық желісін оңтайландыру, жолаушы тасымалдау сапасын арттыру және қаланың экологиялық жағдайын жақсарту» - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, бекітілген жол жүру кестесіне сәйкес, Абай даңғылы бойындағы жолаушы көліктері үшін оқшауландырылған жолақ, автобустар мен троллейбустардың ешқандай бөгетсіз жүріп отыруын қамтамасыз ететін болады. Ал бұл жолаушылардың А нүктесінен Б нүктесіне дейін бару уақытын қысқартады. Одан басқа, қалада жол жиектеріне автокөліктерді қоюға арналған автотұрақтар салу жұмыстары жүруде.
«Алматы қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы осындай шаралар арқылы автобустардың өзара жарысуын тоқтатып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруды жоспарлап отыр» - делінген хабарламада.
Сонымен, жолаушы тасымалдау жұмысын оңтайландыру мақсатында Абай даңғылы бойынша №35, №105 автобус маршруттары мен №№16, 8 троллейбус маршруттары алынып тасталады, Ал №25 автобус Әйгерім ықшамауданынан «Мәскеу» метро бекетіне дейін, №120 автобус Айнабұлақ ықшамауданынан «Алатау» метро бекетіне дейін, №123 автобус Көкжиек ықшамауданынан «Байқоңыр» метро бекетіне дейін және №128 автобус «Сайран» метро бекетіне дейін ғана жүретін болады.