Алматыда «Бірлігіміз жарасқан!» ұлттық сыйлығының лауреаттары марапатталды
АТЫ. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Қазақстанның дамуына зор үлестерін қосып отырған еліміздің нағыз қаһармандары - сыйлықтың 10 лауреаты «Бірлігіміз жарасқан!» ұлттық сыйлығымен марапатталды.
Олар - 18 баланы тәрбиелеп отырған (олардың 15-і асырап алған балалар) қарағандылық Червяковтар отбасы; Ақжар қаласынан бірнеше дүркін әлем рекордшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, өзінің сайыстарынан түскен қаражатты әр түрлі акциялар мен іс-шараларға аударған, тегін оқитын спорт мектебін ашқан Владимир Гашута; қырық жыл еңбегін балалар мен аналар өмірін құтқаруға арнап келе жатқан дәрігер Қайнижамал Мусина; талай адамдардың өмірін ажал аузынан алып қалған аудандық дәрігер-хирург Владимир Плотников; 5 жасар баланы жанып жатқан үйден құтқарған Алматы облысының 7-сынып оқушысы Ілияс Жандос; этика және психология пәндерінің мұғалімі, аталмыш сала бойынша бірнеше пәндерді әзірлеп, дәріс беріп жүрген, сонымен қатар жеті жылдан бері еріктілер қозғалысын дамытумен айналысып келе жатқан павлодарлық Светлана Гладышева; өрттен екі әйел мен бір ер адамды аман алып қалған, белсенді қостанайлық спортшы Михаил Водопьянов; «Дружные ребята» республикалық балалар газеті бөлімінің редакторы, бірнеше ондаған журналистерді тәрбиелеген алматылық Ольга Гумирова; мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасап, сал адамдарды біріктіретін қоғамдық ұйым құрып, инватакси қызметін ашқан ақтөбелік Құралай Бәйменова; ағартушылықпен, тәрбие және қоғамдық қызметпен айналысып келе жатқан философ, жазушы, ақын Бекет Қарашин.
Лауреаттарды құрамында Әкім Тарази, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Айман Мұсахожаева сынды мәдениет пен өнердің танымал өкілдері мен қоғам қайраткерлерінен тұратын қоғамдық кеңес жіберілген өтініштердің ішінен таңдап алды.
Естеріңізге сала кетсек, сыйлыққа үміткер болу мүмкіндігі туралы 2010 жылдың күзінде хабарланған болатын.
«Біз әр түрлі ұлт, дін өкілдері болсақ та, бір шаңырақтың астында, бір отбасындай өмір сүріп, қызмет жасап келеміз. Біздің барлық жетістігіміз осы достықтың арқасында», -деді аталмыш сыйлықтың иегері Қайнижамал Мусина. Оның айтуынша, еліміздің жетістігі мен бейбіт өмірі бірлік пен достықтың арқасында.
«Барлық номинанттарға сыйлыққа қатысқаны үшін алғыс дипломдары жіберілетін болады. Қоғамдық комитет алдарына қойылған міндеттерді толығымен атқара алды, қаһармандарымыздың ерліктері мен жұмыстары көрінбейтін болса да, бүкіл қоғамға маңызы бар, еліміздің дамуына үлес қосып отырған үздіктердің үздігін таңдады», - деді Қоғамдық саясаттың дамуы институтының директоры, аталмыш шараның ұйымдастырушыларының бірі Шолпан Байболова.
«Нақты азаматтық ұстанымы әрі мейірімді жүрегі бар еліміздің нағыз қаһармандарын құттықтау - біз үшін үлкен құрмет. Ойламастан түрлі әрекеттер орындаумен әлек болу немесе жоғары атақ иегері болу міндетті емес, тек ерінбей еңбек етіп, сапалы жұмыс жасап, өз еліңе, өз отбасыңа пайда тигізіп жүрсеңіз де болады. Қазіргі қазақстандықтар дәл сондай - мейірімді, кеңпейіл, адамгершілігі мен жауапкершілігі жоғары - болғандығын қалаймыз. Және «Бірлігіміз жарасқан!» сыйлығының лауреаттарынан үлгі алса, абзал болар еді», - дейді «Бірлігіміз жарасқан!» әнінің авторлары, «Филиал ФБ» тобының рэп-орындаушылары.
Шараны ұйымдастырушылар - Қазақстанның Азаматтық Альянсы, Қоғамдық саясаттың дамуы институты, Жасыл ел, Қазақстанның Іскер әйелдері қауымдастығы, сонымен қатар «КТК» телеарнасы және «Хабар» агенттігі.
Сыйлық қаһармандарын қолдауға тек туыстары мен жақындары ғана емес, оларды құттықтау үшін қазақстандық эстрада жұлдыздары да қатысты. Роза Рымбаева, Толқын Забирова, Ақжол Мейірбеков, Бүркіт, «Ринго», «Орда» тобы ел қаһармандарын құттықтап, әнмен шашу шашты.